Тәуелсіздік барлық буын өкілдері үшін бірдей маңызды – әлеуметтанулық зерттеу — Kazface.kz
Жаңалықтар

Тәуелсіздік барлық буын өкілдері үшін бірдей маңызды – әлеуметтанулық зерттеу

Тәуелсіздік барлық буын өкілдері үшін бірдей маңызды – әлеуметтанулық зерттеу

Қазақстандықтардың басым бөлігі елдің даму бағытына оң баға береді. ҚР президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша жүргізілген әлеуметтанулық зерттеу нәтижесіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 93%-ы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді, деп хабарлайды KazFace.kz


Зерттеу барысында 8 105 респонденттің пікірі зерделенген. Нәтижелер көрсеткендей, Тәуелсіздік барлық жас буын өкілдері үшін маңызды құндылық болып саналады. Бұл ретте елдің даму бағытына қатысты ең жоғары қолдау деңгейі 18–29 жас аралығындағы жастар арасында тіркелген – 95,1%.
Сауалнамаға қатысушылар бірлік пен заң үстемдігін нығайту, мәдениет, білім және ғылымды дамыту бағыттарындағы мемлекеттік шараларға да оң баға берген.
Сонымен қатар, азаматтардың мемлекеттік органдардың өтініштер мен мәселелерге назар аудару деңгейіне берген бағасы да жоғары. Атап айтқанда, респонденттердің 82,4%-ы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының жүзеге асырылуын оң бағалайды. Бұл көрсеткіш 18–29 жас аралығындағы жастар арасында 89,6%-ды, ал 61 жастан асқан азаматтар арасында 77,6%-ды құрады.
Зерттеу нәтижелері елдің даму бағытына деген қоғамдық қолдаудың жоғары екенін және азаматтардың жүргізіліп жатқан реформаларға оң көзқарасын көрсетеді.
Айта кетейік, әлеуметтанулық сауалнама 2026 жылғы 5 қазан мен 5 қараша аралығында өткізілді. Оған Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 105 азамат қатысты.