Жүрегі қазақ деп соққан Наталья
Гүлбану ӘБЕНОВА
Түркістан қаласында қазақ тілінен сабақ беретін Наталья Григорьева есімді орыс қызы тұрады. Ол еліміздің әр тұрғыны ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді білуге міндетті деп санайды.
Наталья бала кезден қазақ көршілерімен ілесіп қазақша таза сөйлей бастаған. Мектепте орысша білім алса да, қазақ тілін сүйіп оқыды. Қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын нақышына келтіріп оқып, түрлі көркемсөз оқу сайыстарына қатысқан. Осылайша болашақ мамандығын қазақ тілімен байланыстырып, ұстаздық жолды таңдаған.
Мен ұстаз болып, қазақ тілін таңдаған себебім, мемлекеттік тілді дәріптеуге, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретіп, қазақ тілін білсе жолдары ашық болатынын түсіндіргім келеді. Қадыр Мырза Әлі айтқандай:"Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" демекші мемлекеттік тіліміз қазақ тілі болған соң, оның мәртебесін көтеріп, жұлдызын биіктеткім келеді, - дейді Наталья.
Бүгінгі күні Наталья өзі түлеп ұшқан мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Жас маман болса да, ұжымына сыйлы, білікті маман.