«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының топ-менеджерінің ұсталғаны расталды
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбековтің және өзге де тұлғалардың ұсталғанын растады, деп хабарлайды KazFace.kz
Комитеттің мәліметінше, 2026 жылғы 23 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарма мүшесі Қ. Омарбековті және басқа да азаматтарды ұстаған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Ұсталғандар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топ жасаған пара беру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін БАҚ-та компания басшыларының ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Өз кезегінде «Қазатомөнеркәсіп» екі топ-менеджердің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын хабарлаған.
ҰҚК мәліметінше, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды. Комитет Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың жалғасып жатқанын атап өтті.