Түркістанда «Мәдениеттер диалогы 2026» халықаралық симпозиумы басталды
Бүгін Түркістан қаласында «Dialogue of Cultures: Мәдениеттер диалогы 2026» II халықаралық симпозиумы өз жұмысын бастады. Халықаралық іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды KazFace.kz
Симпозиумды Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Түркістан облысының әкімдігімен, бірқатар мемлекеттік органдармен, халықаралық ұйымдармен және ғылыми-білім беру мекемелерімен бірлесіп өткізуде.
Халықаралық жиынға шет мемлекеттердің конституциялық бақылау органдарының өкілдері, Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, ғылыми және азаматтық қоғам өкілдері қатысуда.
Басқосудың негізгі мақсаты – ұлттық тарихи мұра, құқық философиясы, білім мен ғылым және халықаралық құқықтық стандарттар негізінде құқықтық мәдениет пен заманауи конституционализмді дамыту.
Қазақстан Республикасының Вице-президенті Ерлан Қарин симпозиум қатысушыларына құттықтау үндеуін жолдады. Ол іс-шараның Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында өтуінің маңызын атап өтті. Сондай-ақ Конституция тек мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, адам, қоғам және мемлекет арасындағы қоғамдық келісім екенін жеткізді.
Қазақстан Республикасы Құрылтайының Төрағасы Айбек Дәдебай өз құттықтауында конституциялық құндылықтарды заңнамалық тұрғыдан бекіту, қоғам мүддесін қорғау және мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогті дамыту мәселелеріне тоқталды.
Пленарлық отырысты ашқан Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Әзімова симпозиумның 2025 жылы бастау алған халықаралық кәсіби диалогтің жалғасы екенін атап өтті.
«Конституция мемлекеттің құндылық бағдарларын айқындайды, мәдениет олардың қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналуына ықпал етеді, ал азаматтық жауапкершілік оларды нақты істер мен іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырады», – деді ол.
Жиын барысында «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарының құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөліне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар аталған құндылықтарды қоғамның күнделікті өмірінде жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің тарихи және рухани маңызына тоқталып, Түркістанның түрлі өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан орталық ретіндегі әлеуетін атап өтті. Сондай-ақ халықаралық ғылыми және мәдени байланыстарды нығайту бағытындағы мүмкіндіктерін сөз етті.
Симпозиум аясында БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа құттықтау сөз сөйледі.
Халықаралық симпозиум аясында құқықтық мәдениетті нығайту, конституциялық құндылықтарды ілгерілету және мәдениетаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқылануда.