Дариға Назарбаеваның үзеңгілесі 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Б., К. және Н.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды KazFace.kz
Олар аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды, ұрлық пен ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырды, сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат таратты деп айыпталған.
Сот материалдарына сәйкес, 2018 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі болған Б. халықаралық автожарыс өткізуге арналған келісімшарттар арқылы 42,2 млн теңге жымқыруды ұйымдастырған. Қаражаттың бір бөлігі жиһаз өндірісін жолға қоюға жұмсалған.
Сонымен қатар, 2025 жылғы қыркүйекте Б. мен Н. Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңарту нысанынан құны 1,3 млн теңге болатын 12 гранит тақтаны ұрлауды ұйымдастырған. Кейін Б. осы оқиғаның бейнежазбасын әлеуметтік желіде жариялап, ұрлықты өзі анықтағандай көрсеткен.
Бұдан бөлек, олар Баума тоғайында жасы 21 жылдан 150 жылға дейінгі 16 ағашты заңсыз кесуді және зақымдауды ұйымдастырған. Келтірілген залал 213 мың теңгені құраған.
Сот сондай-ақ бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты жарияланған бейнематериалдарды зерттеген. Онда жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеуге және «Атакент» көрме кешенін жаңғыртуға бөлінген қаражат туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер берілгені қаралған.
Іс бойынша дәлел ретінде сараптама қорытындылары, бейнежазбалар, телефондағы хат алмасулар мен куәлардың айғақтары зерттелген. Айыпталушыларға Қылмыстық кодекстің 190, 218, 188, 340 және 274-баптары бойынша айып тағылған.