Мәдени айнасы

Дина Нүрпейісованың ізімен

Дина Нүрпейісованың ізімен

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Он жастағы Алматылық Айлин  Бахтигареева кез келген күйді еш қиындықсыз орындап, өнерімен тәнті қылуда. Оны оқырмандар қазақтың әйгілі күйші қызы Дина Нүрпейісова апасына теңеп жатыр,- деп хабарлайды  KazFace.kz.

Әкесі  Айлиннің  күй шертіп, домбыра құлағында ойнаған сәттерін  әлеуметтік желіде жиі бөліседі. Осылайша кішкентай өнер иесінің онлайн тыңдармандары қалыптасыпты. 

Олар «Айлин, сені барлық Қазақстан  мақтан тұтады», «Осы қыз Дина әжесіндей болады, биіктерді бағындырады» , «Ғажап», деп оқырмандар тарапы қолдау сөздерін қалдыруда. 

Айлин үйдің үлкені. Домбыра аспабында ойнап жүргеніне төрт жыл. Ол інісі екеуі музыкалық мектепте білім алуда. Бірақ, інісі гитара аспабын таңдапты. Екеуі қатар отырған кезде отбасылық дуэт пайда болады. Апалы інілі екеуі бірге жаттығып, байқауларға қатысады. 



Анасы  Мария Бахтигареева  қызының таңдауына таң қалғанын жасырмады. Оның сөзінше Айлин ойда жоқта домбырада ойнағысы келетінін айтыпты. 

Шығармашылықтан ауылы алыс ата ана баласының талпынысын көріп, қолдау көрсеткен. Әкесінің сөзінше отбасында ешкім домбырада ойнамаған. 

«Біз  басқа аспаптарда ойнап көруін өтіндік. Бірақ, ол ойын өзгертпейтінін нақыт айтты. Кейін сегізінші наурызға сыйлыққа домбыра алып беруімізді өтінді. Ал, екінші домбырасын аяз атаға жазған хатында өзі сұраған екен. Біз қатты таң қалдық. Әдетте, балалар айфон тағы басқа дүние сұрайтын еді, - деді әкесі Руслан.

Әкесінің айтуынша қызының арқасында олардың да музыкалық танымдары кеңейіпті. Тіпті күйлердің шығу тарихына дейін қызығушылық танытуда. Жолға шыққанда көлікте тек қана күй тыңдаймын дейді әкесі. Күмбірлеген күйдің дыбысы құдды үйде жүргендей жайлылық береді екен. 

Айлиннің арманы асқақ. Ол кәсіби домбыраны меңгеруді жоспарлап жүр. Одан бөлек інісі екеуі спортпен шұғылданып, бос уақытын үнемі пайдамен өткізеді.

Бұл оқиға кішкентай қыздың таланты туралы ғана емес, Қазақстанның мәдени мұрасын сақтаудың маңыздылығы туралы. Айлин Дина Нұрпейісова сияқты ұлы күйшілердің дәстүрлерін жалғастырушы және жаңа ұрпақты елдің мәдениеті мен тарихын  зерттеуге және құрметтеуге шабыттандырады. Әрине отбасының қолдауы маңызды, ата анасының баласын өнерге баулуы деп білеміз.