Қазақстанда McDonald's брендімен мейрамханалар жұмысын тоқтатады
«Food Solutions KZ» ЖШС басқаратын фастфуд мейрамханалар желісі жеткізілім шектеулеріне байланысты Қазақстандағы McDonald's брендімен жұмысын тоқтатты, - деп хабарлайды McDonald's Қазақстандағы баспасөз қызметі.
"-Қызметтің қайта жандануы және жаңа атаумен жаңа фаст-фуд мейрамханаларының ашылу мерзімі жақын арада белгілі болады. Компанияның жұмысын жалғастыруға қатысты барлық сұрақтарыңызға ауысу мерзімі аяқталғаннан кейін жауап береміз", - делінген хабарламада.
Мейрамханалар желісі ашылғаннан кейін келушілерге жоғары сапалы өнімдер, әртүрлі ас мәзірі мен қонақжай қызмет ұсынылатыны атап өтілді. «Жылдам қызмет көрсететін мейрамханалар қазіргі жоғары стандарттарға, құндылықтарға және бизнес принциптеріне сәйкес жұмысын жалғастырады», - деп қосты баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та McDonald's фастфуд желісі ет жеткізудегі қиындықтарға байланысты Қазақстаннан кетуге ниетті екені туралы ақпарат тараған болатын. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Ресей нарығынан шыққан соң McDonald's Қазақстандағы франчайзилеріне Ресейдегі жеткізушілерден котлет үшін ет сатып алуға тыйым салған.
Қараша айында «Fod Solutions KZ» ЖШС (McDonald's Kazakhstan) иелігіндегі 24 фастфуд мейрамханасы жеткізу мәселесіне байланысты жұмысын тоқтатты. 2022 жылдың 12 желтоқсанында Республиканың «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазақстандық өндірушілердің McDonald's өнімдерін жеткізуге дайын екенін хабарлады.