Өзбекстанда паранджа киюге тыйым салынды
Өзбекстанда көп әйел алуға және бетін жабатын киім кигені үшін жауапқа тартылады, деп хабарлайды KazFace.kz
Көрші елдің Олий мәжілісі қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске өзгеріс пен толықтыру енгізетін заң жобасын мақұлдады.
Ұсынылып отырған заң жобасы Өзбекстан Республикасының қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы азаматтардың ұлттық, нәсілдік, этникалық белгілері бойынша артықшылығын немесе төмендігін насихаттағандарға, заң тәртібімен тіркелмеген некені діни рәсіммен қиюға жауапкершілік белгілеуді көздейді.
"Екі немесе одан да көп әйелмен бірге тұруды насихаттау, әйелдер мен ерлердің тең құқықтарын ашық түрде жоққа шығару үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", — делінген жарияланған құжатта.
Алайда аталған түзетулер үшін нақтықандай әкімшілік жауапкершілік белгіленгені айтылмады.
"Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Өзбекстанда діни рәсімдер бойынша жасалатын некелер саны артып келеді, осыған байланысты көп әйел алу етек жайды. Елде көп әйел алуды және оның "артықшылықтарын" насихаттау қарқын алуда. Нәтижесінде некесіз туылған балалар саны да өсті", - дейді депутаттар.
Қоғамдық орындарда "азаматтардың жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтін киім" кигені үшін жауапкершілікке келетін болсақ, онда біршама ескеретін тұстары бар.
"Адам медициналық нұсқаулар негізінде немесе еңбек және қызметтік қызметпен байланысты жабылған, бірақ адамның жеке басын анықтайтын жағдайларда, сондай-ақ жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы бас киімдер немесе спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар кезінде және заңмен рұқсат етілген басқа жағдайларда олардың қатысушылары жауапкершілікті болдырмайды", - делінген заң жобасында.
Үкімет бұл норманы қабылдау ұлтаралық келісімді, діни төзімділікті және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі күш-жігердің тиімділігін арттыруға қызмет етеді деп үміттенеді.
"Қызу талқылаулар мен ұзақ дау-дамайдан кейін заң жобасын депутаттар қабылдады", - деп атап өтті заң шығару палатасында.
Айта кету керек, парламенттің төменгі палатасының мәліметі бойынша, некесіз туған балалардың саны да өсті. Өзбекстан бойынша 2022 жылы некесіз туған 18 955 бала тіркелді. 2021 жылы 19 037 бала, ал 2020 жылы 16 564 бала некесіз тіркелген.