Өрт сөндiруші Асқар туралы телесериал шығады
Астанада адамдарды құтқару кезінде ерлікпен қаза тапқан батыр өрт сөндіруші Асқар Забикулин туралы телесериал қыркүйекте көрсетіледі. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды KazFace.kz
«Соңғы кездері елімізде сериал өндірісі, креативті индустрия дамып жатқаны белгілі. Бізде түсірілген сериалдарды шетелдік арналарға сатып алуда. Сондай фильмнің бірі - қарапайым да адал еңбек адамын суреттейтін “Қаhарман” атты телеөнім. Өрт кезінде опат болған батыр бейнесін насихаттайтын сериалдың сюжеті шынайы оқиғаларға негізделген - халық қаһарманы Асқар Забикулин туралы. Бас кейіпкері - өткен жылы ғана алаумен арпалысып, үш адамның өмірін құтқарған, өкінішке орай, өзі ажал құшқан өрт сөндіруші Асқар Забикуллин»,—деді министр.
Еске сала кетейік, былтыр 16 қарашада Асқар Забикулин Астанадағы тұрғын үй кешенінде бірнеше адамды өрттен аман алып шықты. Тілсіз жау салдарынан денесінің 80 пайызын күйіп шалған өрт сөндіруші ауруханада көз жұмды. Оның артында әйелі мен екі баласы қалды.