Нурикамал, камалым ай
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Режиссер Ернат Байұзақтың жақында шыққан «Нурикамал» киносының айналасында жағымсыз пікірлер көбейді. Фильмді көрген көрермен әлеуметтік желіде теріс пікір жазып жарысуда. Көпке танымал әннің тарихымен танысқан олар мағынасына үңілгеннен кейін көңілдері қалғанын айта реніштерін білдіруде , деп хабарлайды KazFace.kz.
«Нурикамал» атты қазақ киносы 7 қараша күні Қазақстанның барлық кинотеатрлары арқылы көрсетіле бастады. Кинода 1988 жыл бейнеленеді.Жас композитор Тұрдықылыш Ізтаевтың басынан өткен оқиға желісі көрсетіледі. Оның басты арманы өнер адамы ретінде артынан өшпес із қалдыратындай ән жазу еді. Оның әйелі танымал ақын Ханбибі Есенқарақызы оған әрдайым қолдау көрсеткен. Композиторлық қызметтен бастартқысы келетін күйеуінің қиындықтарынжеңілдету үшін Ханбибі қолынан келгеннің бәрін жасауға тырысады. Ол тіпті өзінің махаббаты мен отбасылық өмірін қатерге тігіп, күйеуінің музасына айналған сұлу да сымбатты Нурикамалатты қызға арнап өлең шығаруға көмектеседі. Ақын сезімі мен арадағы үш баланы ысырып қойып, шығармашылықты және жұбайының музасын жан тәнімен түсінуге тырысқан. Бұл әрекеті кино көрермендерінің ызасын тудырып, жағымсыз пікір жазуға түрткі болғандай.
Оқырмандар TikTok желісінде кино жайлы былай деп пікір қалдырған екен.
«Бұл не қылғандары? Көзге шөп салуды насихаттау ма?», «Киноның мақсаты қандай», «Ханбибіні мықты әйел деп жатқандар әлсіз еркектер», «Қазір қоғамда бар дүние көрсін бәрі», «Еркектерге ұнап жатқан сияқты кино», «Шығармашыл,өнер адамдарын түсінбейтін шығармыз» , деп өз ойларын жазуда көрермендер.
Алайда, қазақ киносының кеше ғана шыққанына қарамастан көрермен қарасы қалың екенін айта кеткен жөн. Кинозалдарға келе қоймайтын үлкендер мен қарт кісілерді де байқайсыз. Соның бірі Нурикамал Сейітжановамен жақсы таныс болған жолдасы Тәткен Әбуғалиева. Ол кісінің фильді көргеннен кейінгі пікірі фейсбукте тарады.Құрбысы Тәткен киноға жалпы көңілі толғанын айтты. Дегенмен кейбір тұстарымен келіспейді екен.
“Киноға үлкен толқыныспен, құрбыммен көрісетіндей болып сағынышпен келген едім. Бірақ, Нурикамал бейнесі мен білетін, танитындай болып шықпады. Оны жеңілтектеу қылып шығарғаны маған ұнамады. Ол өте салмақты, парасатты еді. Сондай ақылды әрі мейірімді еді. Әрине оның сұлулығына бәрі тәнті болатын. Ғашық болатын. Шымкетке барып, Ханбибімен құрбы болып кеткені рас. Ол жайында өзі айтқан. Композитор Тұрдықылыштың ән арнағанын айтып талқылаған едік.Мен айтқан едім сенің артыңнан ескерткіш болып керемет ән қалады деп. Сол кезде Ханбибінің арамызда бір еркек жүрсін. Сен оған ұл туып бер деген сөзін айтып күлген едік. Мен әйелі Ханбибінің сондай парасаттылығана таң қалдым. Солай өзара әзілдесіп жақсы араласып кеттік деп айтқан еді. Ән шынымен ерекше, өміршең. Сезімді оятатын ән. Нурикамал құрбым да біз оны еске алып, фильм шығып жатқанын сезіп жатқан шығар. Жаны рахатта болсын “, - деп пікір білдірді құрбысы.
Одан бөлек Нурикамал Сейітжанқызымен көзі тірісінде таныс болған жандар да оның өте тәрбиеле әрі парасатты болғанын айтып естеліктерімен әлеуметтік желіде бөлісті.
Еске салсақ, Нурикамал Сейітжанқызы Ақмола облысында дүниеге келген. Кезінде Торғай облысының мәдениет басқармасында, Ақмола облысының мәдениет басқармасында 20 жыл жетекшілік еткен. Көп жылдар бойы партияда қызмет еткен іскер әйел болған. Ол осыдан үш жыл бұрын 72 жасында дүниеден өтті. Өкініштісі танымал әннің себепкері Нурикамал ешқашанда тұрмыс құрмаған. Артынан қалған балалары да болмаған.