"Art Karakoz" орталығы
Қазіргі таңда балаларды жан-жақты дамыту, өнерге баулу орталықтары артып келе жатқаны көз қуантады. Соның дәлелі еліміздің елордасы – Астана шаһарындағы «Art Karakoz» орталығы.
«Art Karakoz» орталығы бес жылдан бері балаларды сурет салу өнеріне баулып келеді. Өздері бұл кәсіптен айтарлықтай пайда көрмесе де, «бастысы көпке пайда тигізетін, жан жылытарлық іспен айналысып жатырмыз» – дейді.
Қаракөз Мұқанова – «Art Karakoz» орталығының негізін қалаушы, кәсіби суретші. Әр шәкіртінің қабілетіне қарай академиялық бағдарламаны қолдана отырып сурет салу қабілетін арттыру жолында қиындықтарға бірге төтеп беріп, шәкіртімен жеке айналысады. «Art Karakoz» орталығы барлық адамға сурет салғанда және шығармашылықпен айналысқанда туатын жан ләззатын сыйлауды қалайды. Кейбір адамдар мұнда кәсіби түрде сурет салуды үйрену үшін келсе, кейбіреуі медитация жасауға келеді. Сондай-ақ, мұнда өзін сурет салу арқылы баланста ұстағысы келетін жандарды да кездестіре аласыз. Себебі, қыл қаламмен ақ қағаздың бетіне сурет салу жүрегіңді тыныштандырып, өмірлік мақсаттарыңды айқындауға көмектеседі.
Сондай-ақ, ол жеке тапсырыс та қабылдайды. Тіпті, сіздің ID-іңізді сурет арқылы бере алатын ерекше жан. Оның қолынан шыққан өнер туындысы қазақ әйелінің қазіргі заман мен өткен ғасырда ұштасқан бейнесін, қазақ қыздарының тәтті қылықтары мен мінез-құлқын жансыз суреттерге тіл бітіп сөйлеткендей болады. Әр суретінен қазақылықты, нәзіктікті байқай аласың. Қаракөз өзі ғана емес, оның шәкірттері де өздерінің көздің жауын алатын суреттерімен әлеуметтік желіде халықтың жүрегін жаулап алды.
«Art Karakoz» орталығында жасқа еш шектеу жоқ. Кішкентай баладан еңкейген қарияға дейін осынау өнер түріне машықтана алады. Қаракөз ханымның айтуы бойынша: «Қолыңнан келмесе, үйренуге болады. Тек қалау керек.» Расында, өнерді үйренуге ешқашан кеш емес.
Нұрайлым АБДАШИМ