Әлем чемпионатындағы қайырымды оқиға
Сүйікті командасы үшін жанкүйер болып келген 55 жастағы морокколық Мохаммед аль-Шарафи еркінен тыс бүкіл әлемге танымал болды.
Хорватия мен Морокконың кездесуі кезінде кадрға түсіп, әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Оның фотосуреті астына желі қолданушылары түрлі комментарий жазып, "Тіске жинаған ақшаңды әлем чемпионатына баруға жұмсасаң осы" деп күлкіге айналдырды. Сондағысы морокколық жанкүйердің небәрі 4 тісі бар екені көрініп қалған.
Бұл жайтты Дубайдың 39 жастағы ең танымал тіс дәрігері Шади аль-Шейх байқап қалып, өзінің таныстары арқылы морокколық жанкүйерді іздеген.
Ал енді өткен сенбіде әлеуметтік желіге Мохаммедтің маржандай тістерімен езу тартып тұрған фотосуреті таралған. Әзірше 32 тіс протезы салынғанын, кейін импланттар біртіндеп орнатылатынын жеткізді тіс дәрігері.
Ең алдымен оның тісінің болмауы ақшада емес, тіс дәрігерлерінен қатты қорқатыны анықталды. Жалпы тістерін толық жөндеп шығу үшін маған 6 айдай уақыт қажет. Ол сүйек тінінің бұзылуына әкеліп соқтырған жоғарғы жақ сүйектің резорбциясымен зардап шекті. Бұл жаңа тістерді имплантациялауды қиындатады. Оның алты айлық емделуіне алдымен сүйек трансплантаты қажет болады. Көзінен жас көрдім, қызметкерлер барлығымыз қосылып қуандық. Қазір ол 20 жасқа жасарғандай көрінеді, - дейді тіс дәрігері Шади аль-Шейх.
Морокколық Мохаммедтің тісін емдеу және Дубайға ұшып келу сияқты барлық шығындарын Шади аль-Шейх өзі көтерген. Тісінің емін де ары қарай тегін емдеуге дайын.
Осылайша футбол көруге барған Мохаммедтің өмірі 180 градусқа өзгеріп, танымал атанды.