Мәдени айнасы

Ақын Бақыт Кенжеев бақилық болды

Ақын Бақыт Кенжеев бақилық болды
Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Орыс тілінде шығармалар жазатын, қазақ ақыны, философ, әлем азаматы Бақыт Кенжеев өмірден өтті, деп хабарлайды KazFace.kz.

Қаралы хабар Нью-Йорк қаласынан бүгін жетті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook парақшасында хабарлады. 
«Қазақтың көрнекті ақыны Бақыт Кенжеев дүниеден өтті. Бақыт Кенжеевтің тебірентер поэзиясы мұхиттың екі жағасындағы биік әдебиетті сүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленді. Сөз шебері, көрнекті жерлесіміз, замандасымыз Бақыт Кенжеевтің кенеттен қайтыс болуына қайғырып, отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз», - деп жазды министр.
Бақыт Кенжеев Қазақстанда дүние есігін ашқан. Оның өлеңдері ағылшын, француз, неміс, испан, голланд, италян, украин, қытай және швед тілдеріне аударылған. Оның бірінші өлеңдер жинағы шетелде басылған. Десе де жүрегі әркез қазақ деп соққан. Өзін өлелгенше қазақтың баласымын деп Отанына аса құрметкен қараған. 

Ақынның бастан кешкен тағдыры оңай болмаған. 1950 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Әкесі Шүкіролла  Мәскеуге  іссапармен барған кезде жұбайымен танысқан. Арада көп уақыт өтпей Мәскеуде туып-өскен Елена Карасева күйеуімен Шымкентке баруға бел байлайды. Мұнда Бақыт  үш жасқа толғанда  бұл отбасы Мәскеуге бас сауғалап кетуге мәжбүр болған. Өйткені үкімет 1923 жылы өмірден өткен Шүкіролланың әкесі Оңтүстік Қазақстанның ишаны болғаны туралы істі қайта көтеріп еді.  1982  жылы Кенжеев КСРО-дан Канадаға эмиграцияға еркінен тыс кетті. Содан кейін Нью-Йоркке көшті. Ол  Мәскеу мемлекеттік университетінде, өзінің болмысына қайшы келетін химиялық факультетті бітірген.