8 жастағы қазақстандық шахматшы Латвияның экс-министрін жеңді
Қазақстандық жас шахматшы Кәрім Айтжан Латвияның экс-министрі, гроссмейстер Дана Рейзнице-Озоланы жеңді, - деп хабарлайды KazFace.kz тілшісі.
Латвиялық шахматшы Алматы және Астана академияларының 24 студентімен ойнаған. 8 жастағы қазақстандықпен болған ойын ең ұзаққа созылған ойынның бірі болған.
Елордалық шахмат мектебінің оқушысы 8 жастағы Кәрім Айтжанның тақтасында гроссмейстер Дана Рейзнице-Озола әдеттегіден ұзағырақ тұрып, жүрістері туралы ұзақ ойланды. Нәтижесінде блиц бойынша Азияның күміс жүлдегері Кәрім Айтжан гроссмейстермен өткен ойында жеңіске жетті, - делінген Қазақстан шахмат федерациясының хабарламасында.
Кездесу Алматыда өтіп жатқан блиц және рапид бойынша әлем чемпионаты аясында өтті.
Жеңгеніме сенбедім. Гроссмейстермен ойнаудың артықшылығын көрдім, тіпті тепе-тең де ойнадық, бірақ кейін мен ойынның бағытын өзгерте бастадым. Әрине, бұл оңай болған жоқ. Гроссмейстермен ойнау қиын, - дейді жас шахматшы.
Гроссмейстер Рейзнице-Озоланың ФИДЕ басқарушы директоры қызметін атқаратынын айта кеткен жөн. Бұрын ол Латвияның экономика және қаржы министрліктерін басқарған.