Общество

Түркістандық дәстүрлі әнші харасментке ұшырадым деп дабыл қақты

Түркістандық дәстүрлі әнші харасментке ұшырадым деп дабыл қақты

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Әлеуметтік желіде танымал дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева басшылықтың дізесіне отырып, махаббат құрмағаны үшін  қысым көруде. Бұл туралы әнші өз парақшасында жазды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Өнер иесі Түркістан облыстық Шәмші Қалдаяқов атындағы филармониядан көрген қысым мен қорлық туралы ашық айтып, көптің көкейіндегі шындықты жайып салды. 

«Махаббат құрмағаным үшін қысым көріп келемін. Мені концерттерден шеттетіп, киімімді сылтауратады. Ал шын мәнінде, мені иіскегісі келетінін ашық айтқан адамдар бар» – деп ашынып айтты.

Бұл бейнежазба көпшіліктің қызу талқысына тап болды. Желі қолданушылары әншіге қолдау білдіріп, өнердегі қыздардың қауіпсіздігі туралы мәселені қызу талқылай бастады. Наркенже бұл қадамын жеке кек алу үшін емес, қоғам назарын дәстүрлі өнер саласындағы әйелдердің қандай қысым көріп жүргеніне аудару үшін жасағанын айтты.

“Бұл – тек менің басымдағы жағдай емес. Қазақтың талай қызы осындай қорлық көріп жүр. Бұл үнсіз қалуға болмайтын мәселе” – дейді ол.

Алайда көп ұзамай филармония директоры Ғалымжан Ерназаров бұл айыптауларды жоққа шығарып, әншінің өзі жұмыстан қалғанын алға тартты. Сонымен қатар, ол бұл мәселеге байланысты сотқа жүгінгенін мәлімдеді.

Араға бір күн салып оқиға екі жақтың татуласуымен аяқталды. Әнші Наркенже Серікбаева мен директор Ерназаров арнайы комиссияның қатысуымен ортақ келісімге келгендерін хабарлады. Әнші өз парақшасында бір-бірінен кешірім сұрасқандарын жазды, ал мекеме басшысы бұл жағдайды ушықтырмауға шақырып, мәдениет басқармасынан келген комиссияның мәселені бейбіт түрде шешкенін мәлімдеді.

Осылайша, қоғамда үлкен резонанс тудырған дау уақытша тыншыды. Алайда бұл оқиға мәдениет саласындағы қызметкерлердің құқықтық қорғалуы мен этикалық орта мәселесін күн тәртібіне қайта алып шықты.