Спортқа бөлінген 17 млрд теңге тиімсіз жұмсалған

Жоғарғы аудиторлық палата спорт саласына бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Аудит нәтижесінде 17 млрд теңгеге жуық қаржы заңсыз және тиімсіз жұмсалғаны анықталды.
Атап айтқанда:
– 348 млн теңге қаржылық бұзушылық,
– 2,8 млрд теңге тиімсіз жоспарланған,
– 13,7 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған.
Сонымен қатар 56 жүйелі кемшілік пен 270 рәсімдік бұзушылық тіркеліп, 157 материал тиісті органдарға жолданды.
Аудит барысында жоғары жетістіктер спорты мен спорттық резервті даярлау ісінде бірқатар мәселе анықталған. Олимпиадалық спорт түрлерінің жартысына жуығында дайындық бағдарламалары мүлде жоқ. Қомақты қаржы жұмсалғанымен, кейбір спорт түрлерінен бірде-бір медаль алынбаған.
2021–2024 жылдары «Спортты дамыту дирекциясы» әкімшілік құрамына 3,5 млрд теңге сыйақы төленсе, кейбір қызметкерлердің жылдық бонусы 7,7 млн теңгеге дейін жеткен.
Мамандар спорт саласындағы жүйелі тәсілдің жоқтығын, кадр тапшылығы мен цифрлық есептің болмауын да негізгі проблемалар ретінде атап өтті.