Қазақстанда валюта айырбастау ережелері күшейтіледі

Қазақстанда валюта айырбастау кезінде жеке тұлғалардан мекенжайын растау талабын қолдану шегі төмендетілуі мүмкін, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұл бастама қылмыстық жолмен келген кірістерді заңдастыруға қарсы күрес аясында көтеріліп отыр.
Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша, азаматтар валюта сатып алу кезінде айырбастау пунктіне жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуы тиіс. Ал егер айырбастау сомасы 500 мың теңгеден асса, қосымша тұрғылықты мекенжайын да көрсету қажет.
Алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл шекті төмендетуді ұсынып отыр:
- 200 мың теңгеге дейін – тек жеке куәлік талап етіледі;
- 200 мың теңгеден жоғары – жеке куәлікпен қатар мекенжай туралы мәлімет көрсету міндеттеледі.
Агенттіктің мәліметінше, бұл өзгерістер көлеңкелі қаржы операцияларымен күреске көмектесуі керек. Себебі қылмыстық топтар қарапайым азаматтарды “дроппер” ретінде пайдаланып, олар арқылы қаражатты заңдастырумен айналысуда.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа талаптар валюта айырбастау саласындағы бақылауды күшейтеді және қаржы жүйесінің ашықтығын арттырады.